Тоқаевтың тапсырмасы орындалмайды - министр себебін түсіндірді

Sputnik
АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік қорларды біріктірмеудің себебін түсіндірді. Ал сенат төрағасы бұл шешімнің тиімсіз тұсын атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұдан бес жыл бұрын президент әлеуметтік қорларды біріктіріп, бірыңғай төлемді енгізу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Қазақстанда зейнетақы, медициналық және әлеуметтік сақтандыру бойынша бірнеше қор бар. Солардың бәрін біріктірсе, біраз қаржыны үнемдеуге болады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, үкімет Тоқаевтың осы ұсынысын жан-жақты зерделеп шықты. Арнайы жұмыс тобы да құрылған болатын.

“Бірлескен жұмыстың нәтижесінде бірыңғай әлеуметтік қорды құру орынсыз деген шешім шығарылды. Қазіргі әлеуметтік төлемдердің экономикалық сипаты әртүрлі, сондықтан қорларды біріктіру орынсыз. Оны ұлттық банк те, қаржыгерлер қауымдастығы да айтты. Осыған байланысты тапсырма орындаудан алынды”,- деді Жақыпова сенаттың жалпы отырысында.

Ал сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бірыңғай қор құрылмаса да, әлеуметтік қорлардағы қаржыны бақылау қажеттігін ерекше атап өтті.
“Қазіргі кезде қорларда жиналған қаржының көлемі ел бюджетінің шығыстарынан да асып отыр. Биыл бюдже шығыстары 4 трлн теңге болса, қорлардың активтері одан да көп. Ал осы қаржыны бақылау мен жұмсау мәселесі қалай болып жатыр? Мысалы, бюджетті орындауды қарағанда бізге әлеуметтік қорлардың есебін бір кестемен жіберіп отырады, бір бет қана. Оған қарап, ол жерде не болып жатқанын түсіну қиын емес”,- деп атап көрсетті Әшімбаев.
Оның айтуынша, бүгінде өзекті проблемаларды шешуге ақша таппай отырғанда әлеуметтік қорлардағы қаражатты бақыламай жүргеніміз дұрыс емес. Әшімбаев осы мәселеге қайта ораламыз деп отыр.
Биыл 403 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алды