АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Еліміздің оңтүстік аймағы үшін жалпы қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясының құрылысына жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу бойынша аукцион өткізілді, деп хабарлайды энергетика министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, аукциондық сауда-саттыққа қатысуға 7 компания жіберілді. Сауда-саттық сессиясы барысында қатысушылар 24 баға ұсынысын берді. Берілген өтінімдердің жалпы көлемі 600 МВт құрады. 2024 жылы жел электр станциясы жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықты өткізу барысында шекті аукциондық баға қосылған құн салығынсыз 22.68 теңге/кВтсағ-ты құрады.
Аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардан түскен өтінімдердің баға ауқымы қосылған құн салығынсыз 22.68-ден 12.99 теңге/кВтсағ аралығын құрады.
Аукцион қорытындысы бойынша "Гиперборея бет" ЖШС компаниясы жеңімпаз деп танылды. Жобаның белгіленген қуаты 100 МВт, аукциондық бағасы қосылған құн салығынсыз 12.99 теңге/кВтсағ. Жобаны Түркістан облысында орналастыру жоспарланған.