Батыс Қазақстан тұрғыны дәрігердің салғырттығынан бір аяғынан айырылды

Батыс Қазақстан тұрғыны дәрігердің салғырттығынан бір аяғынан айырылды
Sputnik
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында науқас дәрігердің қателігінен аяғынан айырылды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Аудандық сотта Қылмыстық кодекстің 317-бабы "Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы" бойынша іс қаралды.
Батыс Қазақстан сотында хабарланғандай, сотталушы аудандық ауруханада хирург болып жұмыс істеген. Сондықтан емдік-профилактикалық көмек көрсету – оның тікелей кәсіби міндеті. Алайда ол осы міндетіне немқұрайлылықпен қараған.
Іс материалдарында көрсетілгендей, жәбірленуші 2023 жылдың 25 қазанында сағат 18.25-те жұмысына байланысты аяғынан жарақат алған. Ауруханаға жеткізілгенде оны антисептиктермен емдеген. Осыған байланысты ірің жиналып қалып, содан ісініп, салдарынан сұйықтық пайда болған. Бұл тіндердің қысылуына әкеліп, инфекцияның жайылып, асқынып кеткен.
Содан кейін 2023 жылдың 10 қарашасында жәбірленушінің жарақаттанған оң аяғы тобық деңгейінде кесілген.
Алайда сотта жәбірленуші хирург оған келтірілген шығынды өтегенін, онымен медиация тәртібімен татуласқанын, оны кешіргенін және қылмыстық істі тоқтату туралы арыз бергенін айтты.
"Сот қылмыстық іс материалдарын зерделеп, оларға баға бере келе, сотталушы жасаған қылмыстық әрекет аса ауыр емес қылмыстар санатына жататынын анықтады", - деп хабарлады облыстық соттағылар.
Осылайша сотталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс өндірістен қысқартылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.