АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Анталия қаласынан Алматыға халықаралық террористік ұйымның әрекетіне қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматын алып келді, деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Тергеу материалына сәйкес, ол ертеректе Сирияға кетіп, қарулы топтардың біріне қосылған. Содан кейін Түркияға жетіп, сол жерде полиция органдары ұстаған.
"Оның өз еркімен Қазақстанға қайтып, заңда қарастырылған жазаны өтеуге дайын екені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
ҰҚК фигурантқа қатысты Қылмыстық кодекстің 257-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде. Ол сот санкциясымен қамауға алынды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.