АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда UTC-6 белдеуіне кіретін ауданды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін үкімет отырысында уақыт белдеуіне қатысты мәселе көтерілді. Министрлер кабинеті шешім өзгермейтінін мәлімдеді.
Себебі бұл мәселе ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ал отырыстан кейінгі брифингте журналистер күннің ерте бататынын тағы еске салды. Сол кезде министр Шаққалиев Қазақстанда бір өңір шеткі нүктенің UTC-6 белдеуіне кіретінін айтты. Ол жақта күн ерте батады.
"Иә, Шығыс Қазақстанның бір шағын бөлігі UTC-6 белдеуіне кіреді. Оны жасырып жатқан ешкім жоқ. Мен кеше ғана Қатонғарай ауданында түсірілген видеоны алдырттым. Ол жақта күндіз сағат 15:37-де қараңғы түсе бастады. Ал 16:07-де күн батты",-деді Шаққалиев.
Оның айтуынша, облыс орталығы – Өскемен қаласы UTC-5 белдеуіне кіреді. Сондай-ақ министр мектеп оқушылары уақытты кері шегерудің тиімділігін де ұмытпау қажеттігін жеткізді. Бүгінде балалар таңертең ұйқысын қандырып тұрады.