Азық-түлік корпорациясы фермерлерден 1,2 млн тонна астық сатып алады

Астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 7,2 млн тонна астық, оның ішінде 5,2 млн тонна бидай түсті
Sputnik
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Азық-түлік корпорациясы фермерлерден 1,2 млн тонна астық сатып алады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов үкімет отырысында айтты.
Ол қазіргі уақытта лицензияланған элеваторлардың жүктемесі 43% екенін хабарлады. Элеваторлардың қызметі тәулік бойы жұмыс істеуге ауыстырылды. Астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 7,2 млн тонна астық, оның ішінде 5,2 млн тонна бидай түсті.
"Жиналған астықтың қалған көлемі фермерлерде сақталуда. Биыл форвардтық келісімшарттар бойынша, сондай-ақ өткен жылғы ұзартуларды ескере отырып, Азық-түлік корпорациясы 1,2 млн тонна астық сатып алатын болады. Қазіргі уақытта 550 мың тонна немесе 46% астық сатып алынды", — деп атап өтті Азат Сұлтанов.
Вице-министр жаңа өнімнің астығы тікелей сатып алынатынын айтты. Үкіметтің резервінен 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу есебінен бірінші кезеңде нарықтық құны бойынша 150 мың тонна өнім сатып алу ұсынылады.