АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин биылғы астық қай елдерге сатылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің жоспарына сәйкес, Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға 1,5-2 миллион тонна экспортталады.
"Сосын Ауғанстанның батысы мен Иранның шығысына шамамен 1,5-2 млн тонна, ал өзіміздің көршілеріміз – Орталық Азия елдеріне 6-8 миллион тонна жіберіледі. Мысалы, мен Өзбекстанға барып келдім, ол жақта 3 миллион тоннаға келістік", - деді Жұманғарин мәжілісте өткен отырыста.
Оның айтуынша, қазір Тәжікстан бидайымызды жақсы ала бастаған. Қытайға 2 миллион тонна астық жөнелтіледі.
"Сосын жаңа мақсаттарымыз бар. Келесі жылдың басында Синьзянда кездесу болады, мен өзім барамын. Гонгконгтың басшысы болады, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшысы болады. Гонгконг пен Вьетнамға жіберетін ойымыз бар, контейнермен",-деп атап өтті Жұманғарин.
Биыл жиналған астықтың 12 млн тоннасын экспортқа шығару қажет. Жұманғариннің айтуынша, екі айда 2,1 млн тонна шығарылды. Ал осы үрдіс сақталса, бидай далада қалмайды.