Бидайды тікелей сатып алу кезінде баға қандай болады – Жұманғарин жауап берді

Sputnik
АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бидайды тікелей сатып алу кезінде қандай баға болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда астықты тікелей сатып алу тетігі соңғы рет 2011 жылда болған. Содан бері 13 жыл өтті.
"Ертең шешім қабылданады. Содан бастаймыз. Ол үшін резервтен 10 млрд теңге бөлінеді, оны жылдың аяғына дейін игереміз", - деді Жұманғарин мәжілісте өткен жиында.
Осы орайда ол астықты тікелей сатып алу кезінде баға қандай болатынын да айтты.
"Мысалы, форвардтық сатып алу бар ғой. Онда бағаны 85, 90, 100 теңге деп белгілейді. Ал тікелей сатып алуда баға басқаша, сәл төмендеу болады. Себебі қаражатты бірден аласың. Көбісі Азық-түлік корпорациясы бізден қымбатқа алса екен деп дәметеді. Бірақ корпорация да шаруашылық субъект қой, ол да шығынға жұмыс істей алмайды. Шығынға кетсе, аудит бар. Ертең олар далада қалады", - деді Жұманғарин.
Айта кетері, биыл Қазақстанда астықтың рекордтық көлемі жиналды. Оның 12 млн тоннасын экспортқа жіберу жоспарланып отыр. Ол үшін Азық-түлік корпорациясы тікелей сатып алу арқылы артық бидайды сатып алады да, шетелге жібереді.
Субсидия берілмейді: 2025 жылдан бастап фермерлер қалай қаржыландырылады