АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратура.
Күдікті 2019-2020 жылдар аралығында кәсіпкерді алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы жалпы сомасы 53 миллион теңге мөлшеріндегі арнайы техниканы, сондай-ақ өзіне тиесілі емес көлікті 35 миллион теңгеге сатып, қаражатты жымқырған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қашып кеткен, сол себепті ол халықаралық іздеуге жарияланған.
"Осы жылдың шілде айында ол Санкт-Петербург қаласында ұсталды", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті Петропавл қалалық тергеу изоляторына қамалды.
Айта кетері, мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.