АСТАНА, 17 қараша - Sputnik. Бүгін, 17 қарашада бүкіл әлемде 2009 жылы Еуропалық жаңа туған нәрестелерге күтім жасау қоры (EFCNI) құрған шала туған нәрестелер күні атап өтіледі. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігі елдегі статистиканы жариялады.
Жалпы әлемде жыл сайын 15 миллион нәресте шала туады, бұл барлық жаңа туған нәрестелердің шамамен 10%-ын құрайды. Қазақстанда жыл сайын 20-22 мың бала мерзімінен бұрын туады, бұл барлық туған сәбилердің шамамен 5%-ын құрайды. Жүктілігі 36 аптадан аз және дене салмағы 2500 грамнан кем туған бұл балалар ерекше назар мен күтім жасауды қажет етеді.
Қазақстанда қазіргі заманғы тиімді перинаталдық технологиялар дене салмағы 500 грамнан және салмағы 1000 грамнан төмен жаңа туған нәрестелерге сәтті күтім жасауға мүмкіндік береді.
"Елімізде заманауи жабдықтармен жабдықталған жоғары мамандандырылған кешенді көмек көрсету үшін 39 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Мемлекет басшысы тапсырмасының шеңберінде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 12 жаңа перинаталдық орталық салу жоспарлануда", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Соңғы 15 жылдың ішінде Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді: нәресте өлімінің көрсеткіші 3 есе, неонаталдық өлім 3,3 есе төмендеді, ал дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті. Бұл нәтижелер Орталық Азия елдерінің арасында үздік болып табылады, дейді министрліктегілер.