АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Алматының Жетісу ауданында жаңа 2030 жылға дейінгі қайта жаңарту бағдарламасына 135 үй енгізілді. Қазірдің өзінде 34 ескі үй сүріліп, келесі жылы 30 үйдің тұрғындарын жаңа үйге көшіру көзделген, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Крылов-Скрябин-Гончаров-Райымбек аумағы:
16 ескі үйдің орнына инвестор 944 пәтерге арналған 11 заманауи ғимарат салып жатыр. Қазір 9 үйдің құрылысы аяқталып, сүрілген үйлердің тұрғындары жаңа пәтерге көшті.
Боткин-Казаков-Гончаров-Скрябин аумағы:
6 ескі үйдің орнына 576 пәтерге арналған 11 жаңа үй салынып жатыр. Қазірдің өзінде 3 үй пайдалануға беріліп, тұрғындар жаңа пәтерге көшірілді. Қалған үйлердің құрылысы жалғасуда.
"Біз жөндеуден өткен ауданы бірдей пәтер алдық. Құрылыс кезінде бізге уақытша баспана тегін берілді. Мұндай бағдарламалар өте маңызды, себебі ескі үйдегі пәтерді сату қиын, ал жаңа пәтер сатып алу өте қымбат", - деді сейсмикалық қауіпті үйден заманауи тұрғын үй кешеніне көшкен Фарида Ишмеметова.
Қайта жаңарту бағдарламасы 2030 жылға дейін жалғасады және Жетісу ауданындағы 135 үйді қамтиды.