АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Қазақстанда жаңа астық терминалы ашылды, деп хабарлады көлік министрлігі. Ол Маңғыстау облысының Құрық портында орналасады.
Терминалдың өнімділігі жылына 1 млн тоннаны құрайды. Құрық портындағы “Kaspi Grain Way” жеке компаниясының астық терминалы Қазақстанның барлық аймағынан астық қабылдауға дайын.
Жоба аясында бір мезетте 28 мың тоннаға дейін дәнді дақылдарды сақтауға болатын 18 силос салынды. Конвейердің өнімділігі сағатына 300 тоннаны құрайды.
“Терминал Қазақстан-Иран/Кавказ аймағы елдері бағытында және одан тыс жерлерде дәнді дақылдар экспортының болжамды көлемін ұлғаюын қамтамасыз етеді. Бүгінде астық терминалында 14 мың тоннаға жуық арпа сақтаулы тұр. 2024 жылдың 9 қарашасында осы терминалдан Құрық портының №4 айлағын пайдалана отырып, 3500 тонна арпа түрінде алғашқы жүк жөнелтілді”, - деп хабарлады ведомстводағылар.
Жоба Қазақстан Республикасының 2024-2028 жылдарға арналған теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды.