АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. 2011 жылы шығарылған 5 000 теңгенің жаңа үлгідегі банкноталармен айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұлттық банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Келесі жылы 25 қыркүйектен бастап барлық банк пен Қазпоштада үш жылдың ішінде, ал ұлттық банктің өзі ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайды.
"Айналымда қатар жүру кезеңінде жаңа үлгідегі және ескі үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы болып қалатынын, төлемдер мен аударымдар жасала беретінін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың атаулы құны сақталатынын және қабылдауға жататынын атап өтеміз. Ол банкноталардың барлығы ұлттық банк филиалдарында, Қазпоштада және еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында еш шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады", - дейді банк мамандары.
Ал заңды төлем құралы саналатын банкноталар мен монеталарды қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.