АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Қазақстандағы 264 кәсіпорын 17,8 мың жұмысшыға 3,9 млрд теңге көлемінде жалақы қарыз. Бұл статистиканы Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады.
“Қатаң кесте мен еңбекақы бойынша берешекті өтеу мерзімін белгілеуді қоса алғанда, қабылданған шаралардың нәтижесінде 16,5 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды. Оларға 3,1 млрд теңге төленді”, - делінген халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты мемлекеттік еңбекті қорғау инспекциясының хабарламасында.
Жыл басынан бері инспекторлар 4552 тексеру жүргізіп, оның барысында еңбек заңнамасын бұзудың 7146 фактісі анықталды. Оның ішінде: еңбек саласында – 5 310; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында – 1 769; халықты жұмыспен қамту саласында – 67.
Жұмыс берушілерге 338,9 млн теңге айыппұл салынды.