Қазақстанда ваучерлік қаржыландыру қандай өзгеріс әкеледі

Пилоттық жоба Таразда 2024 жылдың шілдесінде басталып, келесі жылдан бастап республика бойынша қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда
Sputnik
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Қазақстанда мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың жаңа моделі – ваучерлік қаржыландыру немесе “балаға берілетін ақша” жүйесін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда.
Бұл тұжырымдама ата-аналарға қажеттіліктеріне сәйкес келетін балабақшаны өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, ал оның қызметтерін мемлекет төлейді. Жоба мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін, сапасын және ашықтығын арттыруға бағытталған және осы саладағы жағдайды түбегейлі жақсартуға арналған.

Ваучерлік қаржыландыру дегеніміз не?

“Балаға берілетін ақша” ұғымы алғаш рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсысымыз үшін” атты сайлауалды бағдарламасында айтылған болатын. Ол “балаға берілетін ақша” қағидатын жүзеге асыра отырып, балабақшалардағы орындарды есепке алудың, реттілігі мен бөлудің бірыңғай базасын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені енгізуді ұсынды.
Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім берумен байланысты барлық кезеңді – кезекке тұрудан бастап қызмет ақысын төлеуге дейінгі кезеңді қарады. Енді бала басқа балабақшаға ауысса, оның білім алуын қаржыландыруға берілетін мемлекеттік ваучер соның “артынан” кетеді.
Бұл жүйе мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға ынталандырады. Жақсырақ қызмет көрсететін балабақшаларға көбірек балалар барып, осылайша олардың мүмкіндіктерін кеңейтсе, сұранысы аз мекемелер қызметтерін жақсартуға ұмтылады.

Неліктен пилоттық жобағы Тараз қаласын таңдады?

Жобаны жүзеге асыру үшін 2022 жылы маңызды нормативтік құжат – мектепке дейінгі білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы №381 бұйрық қабылданды, онда екі негізгі ереже қамтылған: мемлекеттік тапсырыстарды конкурстық бөлу және дербес қаржыландыру жүйесі.
Ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба 2024 жылдың шілде айында Тараз қаласында басталып, одан кейін Шымкент, Түркістан және еліміздің басқа да аймақтарында жүзеге асыру жоспарлануда.
Тараз пилоттық жобаға кездейсоқ таңдалған жоқ, бұл Қазақстандағы балабақшалардағы кезектерді тіркеу және орындарды бөлу осы уақытқа дейін қағаз жүзінде жүзеге асырылатын жалғыз қала болды. 2018 жылдан бастап жергілікті билік әртүрлі ақпараттық жүйелерді енгізуге әрекеттенді, бірақ оларды қолдану ұзаққа бармады. Сондықтан бұл жоба аймақ үшін ерекше маңызды болды.

Пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері

2024 жылдың қазан айында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Тараз қаласында 160 мектепке дейінгі ұйымды, оның ішінде жекеменшік мекемелер мен шағын орталықтарды қамтитын ваучерлік жүйені енгізу бойынша пилоттық жобаның нәтижелерін таныстырды.
Нәтижесі көңіл көншітерлік: үш айда балабақша кезегі 11 983-тен екі жастан асқан 17 балаға дейін қысқарды, мектепке дейінгі білім беруге жұмсалған бюджет шығындары шілдедегі 1,7 миллиард теңгеден қыркүйекте 1,1 миллиардқа дейін азайып, шамамен 600 миллион теңге үнемделді.
Бұл нәтиже ваучерлік қаржыландырудың негізгі қағидаларымен байланысты.
Біріншіден, белгіленген талаптарға сай болса, барлық мектепке дейінгі ұйым бюджеттік қаржыландыру ала алады.
Екіншіден, ата-аналарға балабақшаны таңдау құқығы беріледі, бұл жүйенің отбасының қажеттіліктеріне бағытталғанының белгісі.
Үшіншіден, жоба шығындарды азайтып қана қоймай, процестің ашықтығын арттыруға көмектесті: бюджет қаражаты ата-аналар баланың балабақшаға барғанын растағаннан кейін ғана балабақшаға түседі.
Дегенмен, заң бұзушылықтар да анықталды. Мысалы, жүйедегі мыңнан астам бала Тараз қаласында тіркелмеген болса, тағы 99 бүлдіршін басқа өңірлердегі балабақшаларға тіркелген. Министр айтқандай, аталған заң бұзушылықтар бойынша барлық материал одан әрі тергеу үшін құқық қорғау органдарына жолданады.

Бүгінгі жоба: жетістіктері мен болашағы

Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру жүйесі Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында белсенді түрде енгізілуде.
Таразда үш айда 21 мыңнан астам жолдама беріліп, қаржыландыру жүйесіне қаладағы барлық 157 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде талаптардың сақталуына байланысты мемлекеттік қаржыландыруға қол жеткізген 19 жаңа мекеме қамтылды. Таразда алғаш рет түзеу балабақшасы ұйымдардың тізіміне енді.
Шымкентте 608 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 589-ы ваучерлік жүйе бойынша жұмыс істейді. Осы жылдың 17 қазанында кезекте тұрған балаларға ваучер беру басталды. Жүйе іске қосылғаннан бері 4646 бала балабақшаға жолдама алған.
Түркістанда 144 мектепке дейінгі ұйымның барлығы ваучерлік қаржыландыруға көшіп, 236 бала балабақшаға тіркеуге ваучер алды.
Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі ваучерлік қаржыландырудың жаңа жүйесі стандарттарға сәйкес келетін барлық ұйым үшін мемлекеттік қаржыландыруға тең қолжетімділік беретініне сенімді.
Сонымен қатар, ата-аналарға балабақшаны таңдау мүмкіндігі беріледі, егер бос орын болмаса, олар баласын кезекке қоя алады. Бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ: егер ата-ана балабақшаны ауыстырғысы келсе, бала автоматты түрде кезектен айырылып, басынан бастап кезекке тұруғс мәжбүр болды.
Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жүйе баланың таңдалған балабақшаға барғанын растауды талап етеді, содан кейін қаражат мекемеге аударылады. Өңірлер дайын болуына қарай жобаны Қазақстанның басқа аймақтарында енгізу 2025 жылы басталады деп жоспарлануда.
Бүгінде Қазақстанда 11642 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның 5532-сі мемлекеттік, 6110-ы жекеменшік. Екі жастан асқан балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 91,5%-ды құрайды.
Алматыдағы балабақша сингапурлық тәжірибені енгізді