АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Түркия Украинадағы дағдарысты Дональд Трамп бастаған АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен бірлесіп еңсеруді көздейді. Бұл туралы Түркияның президенті Реджеп Тайып Ердоған мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
АҚШ-та өткен президент сайлауында республикалық партиядан үміткер Дональд Трамп жеңіске жетті. Осылайша, Трамп екінші рет президент болып сайланып отыр.
Түркия президенті Реджеп Ердоғанның айтуынша, Трампен бірге қазіргі дағдарыстарды шешуге болады.
"Біз одақтасымыз – Америка Құрама Штаттарынан не күтетінімізді білеміз. Алдымызда көптеген сын-қатер бар, әсіресе, палестинкалық мәселе және Ресей-Украина дағдарысы. Бұның барлығын Түркия мен Құрама Штаттардың әріптестігімен еңсеруге болады. Трамп мырзаның президенттігімен аймақтық және жаһандық соғыстар, дағдарыстар тоқтайды деп сенемін", - деді Ердоған Будапешттен қайтар жолда ұшақта журналистерге берген сұхбатында.
Осы орайда Түркия басшысы Трампен бұрын жұмыс істегенін де еске салды.
"Біз Трамп мырзамен оның бұрынғы президенттігі кезінде жұмыс істедік. Иә, кейде келіспеушіліктер де болып тұрады, дегенмен Түркия мен Құрама Штаттары арасындағы әріптестіктің моделі даусыз факт", - деп атап көрсетті Түркия президенті.