Балабақшалар ваучерлік жүйе арқылы қаржыландырылады – жаңа жүйенің тиімділігі неде

Қаражат ата-аналар баланың қатысу табеліндегі мәліметті растағаннан кейін ғана аударылады
Sputnik
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ваучерлік жүйе арқылы қаржыландырудың тиімділігін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде ваучерлік жүйе бойынша пилоттық жоба Тараз, Түркістан мен Шымкентте қолға алынды. Мәселен, Таразда үш айдың ішінде 21 мыңнан астам ваучер таратылды. Шымкент қаласында 600-ге жуық мектепке дейінгі ұйым ваучерлік қаржыландыруға көшіп үлгерді. Ал Түркістанда барлық 144 балабақша жаңа жүйемен жұмыс істей бастады.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесі белгіленген талаптарға сай келетін барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бюджеттік қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
"Ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілді, бұл жеке ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасында да бәсекелестіктің болуына ықпал етеді. Жүйе арқылы ең алдымен бүкіл қаржыландыру процесінің ашықтығы көзделген, мұнда "ақша мекемеге емес, балаға жұмсалады" қағидасы жүзеге асырылады. Қаражат ата-аналар баланың қатысу табеліндегі мәліметті растағаннан кейін ғана аударылады", - дейді министрлік мамандары.
Келесі жылдан бастап пилоттық жоба еліміздің басқа да өңірлеріне енгізіледі деген жоспар бар.
Балабақша, мектеп пен колледждерде қорғану негіздері оқытыла бастайды