Павлодар облысының бірқатар аумағында төтенше жағдай режимі жарияланады

Sputnik
АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. 6-7 қараша күндері Павлодар облысының аумағында екпіні 28-30 м/с дейін жететін дауылды жел тіркелді.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, дауылды желдің салдарынан облыстың үш қаласында және олардың ауылдық аймақтарында, сондай-ақ, Ақтоғай мен Баянауыл аудандарында 12 әлеуметтік нысан мен әкімшілік ғимараттың, 31 көпқабатты және 3 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келген.
"Залалды бағалау мен зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы қажетті шешім қабылдау тапсырылды", - делінген хабарламада.
Электрмен жабдықтау желілерінде 120 апаттық өшіру орын алды, оның 69-ы жойылды. Қалғандарында жұмыстар жалғасуда. 68 апаттық бригада (180 адамнан астам) және 62 техника жұмылдырылды.
Ауа-райының қолайсыздығы салдарынан үш адам зардап шекті. Екі адам жарақат алып, оның біреуі ауруханаға жеткізілді, екіншісі ауруханаға жатудан бас тартты. Бір адам алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Астанада дауыл салдарынан бірнеше әуе рейсі кешікті