АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Дональд Трамп Ақ үйге оралмай тұрып, Украинаға құны алты миллиард доллардан асатын соңғы көмек пакетін шұғыл түрде жіберу жолдарын іздеп жатыр, деп хабарлады Politico басылымы.
"Байден әкімшілігі инаугурация күніне дейін Украинаға соңғы 6 миллиард доллардан астам көмекті беруді жоспарлап отыр. Өйткені жаңа сайланған президент Дональд Трамп билікке келген кезде қару-жарақ жөнелтуді тоқтатуға дайындалуда", - деп хабарлады агенттік Байден әкімшілігіндегі екі шенеунікке сілтеме жасап.
Украинаға арналған қаражаттың 2,1 миллиард доллары америкалық мердігерлердің қорғаныс жабдықтарын дайындауына, тағы 4,3 миллиард доллары қолданыста бар қару-жарақтарды қоймалардан шығаруға бағытталған.
Сонымен бірге қару-жарақ жеткізу әдетте бірнеше айға созылады, сондықтан Байден командасы жақын арада жаңа көмек туралы жарияласа, Трамп Ақ үйге оралғанша ол Киевке толық жетпеуі мүмкін.