АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың президент сайлауындағы жеңісі Еуроодақты өз стратегиясын өзгертуге мәжбүрлейді деп мәлімдеді. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
"Бүгін түнде АҚШ-та республикашылдар жеңіске жетті. Бұл Еуропаның жалғыз өзі Украинаға қаржылық және әскери қолдауды көрсете ала ма деген сұрақты туындатады. Мен бұған күмәнданамын, сондықтан жаңа еуропалық стратегия қажет болады", - деді Орбан Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, 7 қарашада Будапеште өтетін Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммиті және Еуроодақтың бейресми саммитінде бұл бағыттағы алғашқы қадамды жасауға болады.
5 қарашада АҚШ-та президент сайлауы өтті. Демократиялық партиядан вице-президент Камала Харрис, Республикалық партиядан бұрынғы президент Дональд Трамп бәсекеге түсті.
Fox News басылымы Дональд Трамп сайлаушылар алқасының 277 дауысын жинап, президент сайлауында жеңіске жеткенін, Камала Харрис сайлаушылар алқасының 226 дауысын ғана алғанын хабарлады. Жеңіске жету үшін мемлекет басшысына үміткерлердің бірі 538 дауыстың кемінде 270-ін жинауы керек болатын.