Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкекке барды

Sputnik
АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкек қаласына барды, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысын Манас әуежайынан Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғызстан президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров қарсы алды.
Айта кетері, 6 қарашада Бішкек қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының 11-ші саммиті өтеді. Мұндай шешімді ел басшылары Астанада өткен мерейтойлық Х саммитте қабылдады.
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың ұйымдастыруымен өтетін саммитке Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстан президенттері, сонымен қатар, ТМҰ бақылаушы елдерінің мемлекет, үкімет басшылары және ТМҰ Бас хатшысы қатысады.
"Түркі әлемін нығайту: Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және баршаға қауіпсіздік" ұранымен өтетін саммит жоғары деңгейдегі пікірталастар үшін маңызды алаң болмақ.

Түркі елдерін кім жинады

1992 жылы Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен Анкарада түркі елдерінің алғашқы саммиті ұйымдастырылды. Оған Әбілфайыз Елшібей, Ислам Кәрімов, Нұрсұлтан Назарбаев, Сапармұрат Ниязов пен Асқар Ақаев барды. Ол кезде ешқандай ұйым құрылған жоқ. Екінші саммит те Ыстанбұлда өтті. Сол жиында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Еуропа мен Қытайдың қатысуымен Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясын да жариялады. Бірақ түркі мемлекеттер алдымен өзара ықпалдасу жолдарын табуға тырысты. Ол үшін бір ұйым құру қажет еді.
2009 жылы Әзербайжанның Нахчвыван қаласында түркі елдерінің жетінші саммиті өтті. Сонда Әзербайжан, Қазақстан, Түркия мен Қырғызстан "Түркі кеңесі" халықаралық ұйымын құруға уағдаласты, арнайы келісімге де қол қойылды. Түрікменстан бейтарап мәртебесін алға тартып, ұйымға кіруден бас тартты. Өзбекстан да асыққан жоқ. Бірақ президенті ауысқаннан кейін Түркі кеңесінің құрамына кірді.
2021 жылғы саммите Түркі кеңесінің атауы "Түркі мемлекеттерінің ұйымы" болып өзгертілді. Ал Түрікменстан оған бақылаушы болып қабылданды. Одан бөлек, бүгінде Мажарстан мен Солтүстік Кипр де бақылаушы мәртебесіне ие.
Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті: Ердоған ортақ әліпби енгізу мәселесін көтерді