АСТАНА, 6 қараша - Sputnik. Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде ерекше қонақжайлық көрсеткен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен біртуған қырғыз халқына шынайы ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдер арасында көлік-логистика бағытындағы байланыстарды тереңдету өте маңызды деп санайды.
"Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін", – деді президент.
Мемлекет басшысы қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бағытта Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарып келеді. Сонымен қатар тараптардың Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді.
Президент адам капиталын дамытуды аса маңызды міндет ретінде атады.
"Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы Саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын "Цифрлық экономикадағы әріптестік туралы" келісімді Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелері үшін мәні зор құжат деп бағалады. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екеніне назар аударды.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкек қаласына барды.
Бішкек қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының 11-ші саммиті өтеді. Мұндай шешімді ел басшылары Астанада өткен мерейтойлық Х саммитте қабылдады.
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың ұйымдастыруымен өтетін саммитке Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстан президенттері, сонымен қатар, ТМҰ бақылаушы елдерінің мемлекет, үкімет басшылары және ТМҰ Бас хатшысы қатысады.
"Түркі әлемін нығайту: Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және баршаға қауіпсіздік" ұранымен өтетін саммит жоғары деңгейдегі пікірталастар үшін маңызды алаң болмақ.