АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Қазақстандағы колледжерде онлайн оқыту жүйесі енгізіледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Онлайн оқытудың негізгі мақсаты - еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлау.
“Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған және студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беру көзделген. Мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдерде кездеседі. Бұл елдердегі онлайн оқыту білім беру процестерінің тиімділігін арттырған”,- деді Бейсембаев мәжілістің жалпы отырысында.
Осылайша, студенттер жұмыстан қол үзбей, нақты жағдайларда практикалық дағдыларын шыңдай береді. Ал экономиканы цифрландыру жағдайында IT-мамандықтарға баса назар аударылады.
“Елімізде IT-сала секторы даму үстінде — қазіргі уақытта осы бағыттар бойынша 56 мың студент оқытатын 227 колледж дайындықты жүргізіп келеді”,- деп атап көрсетті министр.