Тоқаев: Елімізде француз капиталы бар 200-ден астам компания жұмыс істеп жатыр

Sputnik
АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президентінің былтыр Астанаға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер қазақ-француз байланысын жан-жақты тереңдетуге зор серпін бергеніне назар аударды.
"Франция – біздің аса ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Сіздің еліңіз Қазақстан экономикасына мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Бүгінде Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге ынталы француз бизнес өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті мәдени-гуманитарлық байланыстар, соның ішінде білім беру, ғылым, медицина және тарих салаларындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ әлемге әйгілі Гиме мұражайында ашылған Қазақстаның ұлттық өнеріне арналған көрмені айрықша ризашылықпен атап өтті.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі сапардың қорытындылары қос халықтың өркендеуіне игі ықпал ететініне сенім білдірді.
Ал Франция президенті қазақ-француз ынтымақтастығының дамуына тың серпін беретін келіссөздердің маңызына тоқталды.
"Сіздің арқаңызда соңғы жылдары екі ел арасындағы серіктестік айтарлықтай нығайды", – деді Эмманюэль Макрон.
Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, климат, цифрлық даму және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективасын егжей-тегжейлі талқылады. Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мән берілді.
Парижде Қазақстан мен Францияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды