АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Бюджетті үнемдеу есебінен мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеуді ешкім шектей алмайды, деді қаржы министрлігіндегілер.
Ведомстводағылар бұдан 23 жыл бұрын, 2001 жылдың тамыз айында республика үкіметінің №1127 қаулысы қабылданғанын еске салды, оған сәйкес "сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақыларына үстемеақы белгілеу тек қана бюджет қаражатын үнемдеу есебінен жүзеге асырылады".
"Бұл қаулы үнемдеу орындалған жағдайда сыйақы төлемдерін жүзеге асыруға болатын шығын түрлерінің нақты тізбесін анықтайды", - деп хабарлады қаржы министрлігіндегілер.
Ведомствоның мәліметінше, бұл жерде мәселе шығынды үнемдеу туралы болып отыр:
іссапар,
коммуналдық қызметтер,
көлік қызметтері,
байланыс қызметтері,
үй-жайларды жалға алу шығындары.
"Бүгінгі күнге дейін осы қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен, мемлекеттік қызметшілерге үстемеақы төлеуге тыйым салуға негіз жоқ", - делінген хабарламада.
Бұған дейін қаржы министрі Мәди Тақиев ведомство қазынашылық арқылы шенеуніктерге үнемделген бюджет қаражатынан сыйақы беруге тыйым салғанын айтқан.
"Қаржы министрлігінің бұған дейінгі мәлімдемесінде үкімет қаулысының нормаларын қатаң сақтау және қызметкерлерге сыйлықақы беру үшін осы көрсетілгеннен басқа бюджеттік баптардағы қаражаттың жұмсалуына жол бермеу қажеттігі айтылған", - делінген ведомство хабарламасында.
Яғни, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудан немесе мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға жатады, деп толықтырды қаржы министрлігіндегілер.