АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Алматы облысында осыдан үш жыл бұрынғы қылмысқа қатысы бар күдікпен Хасан Қасымбаев қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
ІІМ хабарлағандай, 2021 жылы маусымда А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, оны ұрлады деген күдікпен бес азамат ұсталған. Олар Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен сотталып, қазіргі уақытта жазасын түрмеде өтеп жатыр.
"Жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде, осы қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылдың 2 қарашасында Қ. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Хасан Қасымбаев Талғардағы "Хуторские" ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі деген ақпарат тараған еді, бірақ Алматы облысының полиция департаменті бұл мәліметті растамады.
Айта кетері, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полатты отбасының көзінше өлтіріп кеткен болатын. 12 қазанда отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп жіберді. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Шерзат Полаттың өліміне "Хуторские" қылмыстық тобының қатысы бар деген ақпарат болды.