Мұнай өндіру көлемі өсті, бірақ кей жерде қор таусылып жатыр – ҚазМұнайГаз

"ҚазМұнайГаз"компаниясы 2024 жылдың тоғыз айындағы өндіріс көрсеткіштері туралы есебін жариялады. Жалпы өндіріс үш пайызға өсті
Sputnik
АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі (қайта айдау көлеміне дейінгі деректер) 2,8%-ға өсіп, 7 202 млн текше метрді құрады, деп хабарлады "ҚазМұнайГаз" АҚ.
Магистральдық және теңіз мұнайын тасымалдаудың жалпы көлемі 6,4%-ға өсіп, 63197 мың тоннаны құрады.
ҚМГ жеке өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі 3,6%-ға өсіп, 18 337 мың тоннаны құрады, оның 64,9%-ы экспортқа шығарылды.
ҚМГ мұнай өнімдерін көтерме саудада өткізу көлемі 6,8%-ға өсіп, 3 973 мың тоннаны құрады.
Компания еншілес кәсіпорындардың өндірістік қызметіне де талдау жасады.
Компанияның мәлімдемесінде "Өзенмұнайгаз" АҚ-да мұнай өндіру 5,1%-ға өсіп, 3 809 мың тоннаны құрады; газ өндіру (ілеспе мұнай) 2,0%-ға өсіп, 455 млн текше метрді құрады.
"Ембімұнайгаз" АҚ-да да мұнай өндіру 3,3%-ға өсіп, 2 077 мың тоннаны құрады. Бірақ газ өндіру 4,8%-ға төмендеп, 149 млн текше метрді құрады.
"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-да мұнай өндіру 0,3%-ға өсіп, 2 302 мың тоннаны құрады, газ өндіру 3,9%-ға өсіп, 323 млн текше метрді құрады.
Қолданыстағы басқа операциялық активтерде өндіру 15,4%-ға өсіп, 2 460 мың тоннаны құрады, газ өндіру 22,3%-ға өсіп, 740 млн текше метрді құрады.
"Өсім ең алдымен Дунга кен орнын сатып алу және өткен жылдың соңында Рожков кен орнын ("Орал Ойл-Газ" ЖШС) іске қосумен, сондай-ақ Өріктау кен орнында жаңа ұңғымаларды іске қосумен байланысты", - деп жазылған "ҚазМұнайГаз" мәлімдемесінде.
Компания "қорлардың табиғи таусылуына байланысты" Құмкөл тобындағы кен орындарында мұнай өндіру көлемі төмендегені туралы да хабарлады.