Халықаралық киностудиялар қазақ дубляжының дамуына сеп болып отыр - министр

Қазіргі уақытта әлемдік компаниялар қазақ тіліндегі дубляжды жасауға кететін шығынды өз мойнына алған
Sputnik
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Халықаралық киностудиялар қазақ дубляжының дамуына сеп болып отыр, деп жазды мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
"Бүгін біз халықаралық киноиндустриядағы маңызды тенденцияны байқап-бағамдап отырмыз. Sony, Disney және Pixar сияқты ірі студиялар фильмдерін қазақ тілінде дубляждап шығарып, қазақ дубляжының өрістеуіне сеп болып отыр. Жақында жарық көрген "Веном: Соңғы би" фильмі қазақ тілінде көрермен назарына ұсынылып, осы үрдістің жарқын мысалына айналды. Голливудтық студиялардың қазақ тіліне дубляж жасауды қолдауы мәдени диалогты дамытуға ықпал етіп қана қоймай, тіліміздің насихатталуына тың серпін береді", - дейді Балаева.
Министрдің айтуынша, әлемдік компаниялардың қазақ тіліндегі дубляж жасауға кететін шығынды өз мойнына алуы – қазақ тілін әлемдік мәдени алуандықтың маңызды элементі ретінде мойындауының белгісі.
"Қазргі кезде тек қазақ тіліндегі дубляжды фильмдер шығару ғана емес, сонымен қатар, қазақ тілінің дамуына үлес қосатын маңызды бастамаларды да қолдау өте маңызды. Өйткені дубляж – жай ғана аударма емес, әлемдік образдар мен сюжеттерді қазақтілді аудиторияға жақындататын, зор жауапкершілікті талап ететен ерекше өнер. Осындай жемісті жұмыс атқарып жүрген серіктестерімізге алғыс айтамын", - деп жазды министр.
Бес баланың тағдыры туралы деректі фильм АҚШ-та екі номинацияны жеңіп алды