Бес баланың тағдыры туралы деректі фильм АҚШ-та екі номинацияны жеңіп алды

© Sputnik / Айдана Дайырова"Шектеусіз үміт" деректі фильмін түсіруге 8 ай уақыт кеткен
Шектеусіз үміт деректі фильмін түсіруге 8 ай уақыт кеткен - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.10.2024
Жазылу
Фильмнің продюсері Данияр Валиоллаға бұл деректі фильмді түсіруге досы Марат Телғозының тағдыры себеп болған
АЛМАТЫ, 22 қазан – Sputnik. Қазақстанда түсірілген мүмкіндігі шектеулі балалар туралы деректі фильм Америкада өткен кинофестивальде екі бірдей номинацияны жеңіп алды. Фильм не туралы, мақсаты қандай? Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
"Шектеусіз үміт" деректі фильмін түсіруге 8 ай уақыт кеткен, ұзақтығы 30 минут. Продюсері – Данияр Валиолла, ал режиссері – Марат Телеуов.
Деректі фильм Америкада өткен кинофестивальде"Үздік деректі қысқа метражды фильм" және "Балалар мүгедектігі мәселесін баяндайтын үздік фильм" номинацияларын жеңіп алған.
Фильм Шымкенттегі "Шектеусіз үміт" орталығында түсірілген. Онда 5 ерекше бала, яғни 5 кейіпкердің өмірі көрсетілген. Мақсат – 5 баланың тағдырын ашып көрсету арқылы қоғамның ерекеше жандарға деген сауатын арттыру.
Фильмнің продюсері Данияр Валиоллаға бұл деректі фильмді түсіруге себеп болған – досы Марат Телғозының тағдыры.
"Менің досым Марат Телғозының сал аурумен ауыратын баласы бар. Сол баласын ел қатарына қосамын деп досымның еткен еңбегін көріп, талай рет таңдай қақтым. Не деген төзім, ерік жігер, табандылық! Әке баласының болашағы үшін күрессе, дәл сол Марат досымдай күрессе екен", - дейді Данияр Валиолла.
Марат Телғозы өз баласының қамын ғана жасамай, дәл осындай жағдайға тап болған жандарға арнайы орталық ашады. Мараттың айтуынша, баласы бүгін 17 жаста, 17 жыл қиындықпен күресіп келеді.
"Шымкентте "Шектеусіз үміт" орталығын аштық. Онда емдеу-профилактикалық және психологиялық көмек көрсетіліп қана қоймай, сонымен қатар орталық базасында барлық қатысушы өздерін үйде, туыстары мен жақындарының арасында жүргендей сезінсе дедім. Шымкентке келгенде деректі фильм түсіру туралы идеяны досым Данияр ұсынды. Негізгі мақсатымыз – ерекше баласы бар ата-аналарға көмек көрсету", - дейді деректі фильм кейіпкері Марат Телғозы.
Продюсердің айтуынша, қоғам ерекше жандарды қабылдауға, тең көруге әлі де дайын емес.
"Біздің менталитетімізде, егер бала қандай да бір ауыр сырқатпен ауырса, оны жасырады. Бұл балалар вакуумде өмір сүріп жатыр, қоғамға интеграцияланбайды, сондықтан олардың өмірі қорқынышты және қиын. Бұл деректі фильм арқылы азаматтардың аяушылық сезімін оятуды мақсат тұтпадық, керісінше қазіргі жағдайға назар аударғымыз келді. Суреттің мазмұны мен оның семантикалық жүктемесі тек бір нәрсеге бағытталған – қоғамның осындай ауруға шалдыққан адамдарды әлеуметтік қабылдауын жақсарту", - дейді Данияр Валиолла.
Фильм кейіпкерлерінің әрқайсысының тағдыры, қиындығы жеке-жеке көрсетілген. Ерекше балалармен жұмыс істеу де түсірілім тобына оңайға соқпаған, бірақ қажыдым демей, керісінше ерекше балалардың мәселесін көрсетуде табандылық танытқан.
"Бюджеті туралы айтпай-ақ қояйын, негізі ешкімнің көмегінсіз өз қаражатымызға түсірдік. Режиссер Марат Телеуовке, шығармашылық топқа және фильм түсіруге қатысқандардың барлығына өте ризамын. Команда барлық тапсырманы 100% орындады", - дейді продюсер.
Деректі фильм ең алғаш Париждегі байқауға жіберіліп, көрерменнің қошеметіне бөленген. Кейіннен Канн фестиваліне және АҚШ-та өткен бірнеше фестивальге жіберілген.
"Канн фестиваліне қатыса алмадық, ал Америка кинофестивалінде тізімге енгеніміз туралы хат келді. Қатты қобалжыдық. Бір күні таңертең электронды поштаны ашып қарасам, конкурсты ұйымдастырушыдан құттықтау хат келіпті. Қуанышымызда шек болмады", - дейді Валиолла.
Фильм түсірушілердің айтуынша, Қазақстанда фильм саласында талантты мамандар өте көп. Тек жарнамалық және маркетингтік тәжірибе шыңдалса, шетелдік талай кинофестивальде жеңімпаз атанары сөзсіз.
Жаңалықтар
0