АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров таяу арада Ресей мен Иран арасында серіктестік туралы жаңартылған келісімге қол қойылатынын, онда қорғаныс мәселелеріне үлкен көңіл бөлінетінін айтты.
"Ресей мен Иран арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісім екі ел қарым-қатынасын нығайтудың негізгі факторы болады. Келісім жақын арада қол қоюға дайындалуда. Онда тараптардың аймақтық және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздік мүдделері үшін қорғаныс және өзара іс-қимыл саласындағы тығыз ынтымақтастыққа ұмтылысы көрініс табады", - деді ол Минскіде өткен Еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде.
Сергей Лавров сондай-ақ Украина басшысы Владимир Зеленскийдің "бейбітшілік формуласы" мен "жеңіс жоспары" туралы айтты.
Лавров Украинаның орыстілді халқына қысым жасалып жатқанын Батыс жылдар бойы елемегенін, 2014 жылдан бастап әртүрлі салаларда орыс тілін қолдануға тұрақты түрде тыйым салынғанын және Жоғарғы Рада Украина православие шіркеуіне тыйым салу туралы заң жобасын қабылдағанын атап өтті.
"Батыс Киевтің орысты жек көруші, нәсілшіл режимі БҰҰ Жарғысын өрескел бұзғанына көз жұмып отыр. Оған қоса Зеленскийдің Ресейді тізе бүгуге шақыратын "бейбітшілік формуласын" тықпалауда", - деді Ресей сыртқы істер министрі.
Оның айтуынша, "формула", "жоспар" және "Украинаның НАТО-ға немесе Еуропалық Одаққа мүше болуы туралы қиялдар" Еуропадағы бейбітшілікті жақындата алмайды.