АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Астанадағы кездейсоқ таныстық 21 жастағы алматылыққа 7 мың доллардан астам шығын әкелді, деп хабарлады Polisia.kz.
Жас жігіт түнгі көңіл көтеру мекемесінде болып, сол жерде қызбен танысқан. Алғашқы таныстық жастарды жақындастырғаны соншалық, олар басқа барда көңіл көтеруді жалғастырып, соңында қонақүйге барған.
Жігіт қызға байқаусызда сөмкесіндегі 10 мың АҚШ долларын көрсеткен. Қонақ үй бөлмесінде жігіт ұйықтап қалғаннан кейін қыз 7200 АҚШ долларын алып, кетіп қалған. Оянғаннан кейін көлік сатып алуды жоспарлаған қаражатының жоғалғанын білген елорда қонағы полицияға хабарласты.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Есіл ауданының полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген 25 жастағы күдіктіні бір тәулік ішінде анықтады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қыз кінәсін мойындады. Полиция қаражаттың бір бөлігін тәркіледі.