АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 11-13 жас аралығындағы 54,5 мыңнан астам қызға егілді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Қазан айының басынан бастап республикада әр жерде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізілуде.
Сондай-ақ 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған толтыру иммундауы жүргізілуде.
Өңірлердің арасында АПВ-ға қарсы вакцинациялау бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр, онда 11,1 мыңнан астам қыз егілді, Шымкент қаласында 5,3 мыңнан астам оқушы, Қарағанды облысында 4,3 мыңнан астам, Жамбыл облысында 4 мыңнан астам, Астанада 3,7 мыңнан астам қыз вакцинацияланды.
Қазақстанда екпелер мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-ананың немесе заңды өкілдерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. АПВ-ға қарсы профилактикалық вакцинациялау жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың дамуына жол бермейді.