АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамының не себепті құбылып тұрғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде мұнайдың бағасы төмендеді. Бір аптаның ішінде бір баррелі үшін 80 доллардан 71,5 долларға дейін түсті. Бұның бәрі теңгеге әсер етеді. Бұдан бөлек, заңды тұлғалар тарапынан долларға сұраныс күрт өсті.
"Оған инвестициялық жобалар себеп болып отыр. Ондай жобалар көп жағдайда бюджеттің есебінен немесе квазимемлекеттік ұйымдардың қаржысына іске асырылады. Ал бізде жылдың басында жоспар жасалады, одан кейін тендер, жылдың соңында ғана қаржыны игеру басталады. Сосын инвестициялық жобалар импортқа тәуелді. Содан төртінші тоқсанда қаржы игерілетін кезде валютаға деген сұраныс күрт өседі. Оны валюталық биржадағы сауда-саттықтың көлемі де растап отыр", - деді Сүлейменов журналистерге берген сұхбатында.
Әдетте биржада бір тәуліктің ішінде 200 млн доллар сатып алынады. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 290 млн долларға өсті. Валютаға деген сұраныс да доллар бағамына әсер етеді. Сүлейменовтың айтуынша, үлкен өзгерістер ұлттық валютаны әлсіретуі немесе күшейтуі мүмкін.
"Біріншіден, ол - АҚШ-тағы сайлау. Бұл маңызды макроэкономикалық фактор былай да, былай да қатты әсер ете алады. Президентке үміткерлердің мықты бағдарламалары бар, мұнайға қатысты бастамалары да жоқ емес. Екіншіден, ОПЕК+ шешімін күту керек болады. Оған мүше елдер шынымен де мұнай өндіру көлемін қысқартатын болса, Қазақстанға ол шешім оң әсерін тигізеді. Әрине, дәл осы факторлардың теріс салдары болмаса, бәрі қазіргі деңгейде қала береді. Ұлттық валютамыз да құлдырап кетпейді", - деп атап көрсетті Сүлейменов.