Жылыту маусымына уақытылы қосылмаған: Саран қаласының әкімі қызметінен босатылды

Sputnik
АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
"Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының басшысы Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды. Қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран қаласы әкімінің орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқаратын болады", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, күн суып, елдімекендер жылыту маусымына қосыла бастағанда Саран қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде қалада жылу берілмегенін жарыса жазған. Қаладағы жаңа жылу орталығы іске қосылмады.. Кейін қала әкімі Еркін Баулықов техникалық жұмыстар әлі жүріп жатқанын айтты. Осыған байланысты олар ескі жергілікті қазандықтарды қайта іске қосу туралы шешім қабылдады.
15 қазанда премьер-министр Саран қаласындағы жылу берудің бұзылуына кінәлілердің барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Осы ретте Бектенов қала әкімін де сынға алды.
Күні кеше Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтан қатаң сөгіс алды.
Үкімет инфрақұрылымның жылыту маусымына дайындығын ерекше бақылауға алды