Министр Қазақстанда шығарылатын тұрмыстық техниканы көрсетті

Sputnik
АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстанда шығарылатын тұрмыстық техниканы көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің бүгінгі отырысы машина жасау өнеркәсібін дамыту мәселесіне арналды. Ал министр Шарлапаев слайд-шоумен Қазақстанда шығарылатын тұрмыстық техниканы да көрсетті. Биыл 9 айдың ішінде үйге қажетті 179 мың дана техника шығарылды. Соның ішінде ас үй плиталары, шағын пештер, кір жуғыш машиналар, теледидарлар, су жылытқыштар және шаңсорғыштар бар.
Ал отырыстан кейінгі брифингте журналистер министрден өзімізде шығарылған техниканы қайдан сатып алуға болатынын және өзі ондай тұрмыстық техниканы қаншалықты қолданатынын сұрады. Министр Қазақстанда шығарылған тұрмыстық техниканы қолданбайтынын айтты.
"Бірақ біз Dauscher брендімен шығарылатын шағын пешті сыйға алдық. Қазақстанда шығарылатын тұрмыстық техниканы интернеттен тауып алуға болады", - деді Шарлапаев.
Оның сөзіне қарағанда, әлемдік брендтер өндірісін тарту жұмысы жалғаса береді. Соның арқасында халық тұтынатын тауарларды арттыру міндеті тұр.
Отандық көліктер өзімізден шыққан темірден жасалмайды – министр себебін түсіндірді