Жемқорлардан тәркіленген 12 млрд теңгеге әлеуметтік нысандар салынады

Sputnik
АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Қазақстанда жемқор шенеуніктерден тәркіленген қаржыға бірнеше әлеуметтік нысан салынады.
"Активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында тізілім субъектілерімен 12 млрд теңгеге әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша 4 келісімге қол қойылды", деп хабарлады Бас прокуратура.
Солардың бірі – Алматы қаласында заманауи мәдениет орталығын салу жобасы. Оның ауданы үш мың шаршы метрден асады және арнайы залдар мен әмбебап көрме алаңдарын, білім беру және демалыс орындарын қамтиды.
Объект іске қосылғаннан кейін жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін репетициялар мен шеберлік сабақтары өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Тағы бір мысал, Шымкентте мұқтаж отбасыларға беру үшін мемлекет меншігіне өтетін көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр.
Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына жолдауында "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңның субъектілері әлеуметтік-мәдени объектілерді салуға қатысуы қажеттігін атап өткен болатын.