Қазақстанда балық пен теңіз өнімдері қымбаттап, өндіріс керісінше қысқарды

Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қазан – Sputnik. Қазақстанда балық пен теңіз өнімдері 7%-ке қымбаттаған, ал өндіріс керісінше азайды, деп жазды Enrgyprom.kz.
Биыл қаңтар-қыркүйекте консервіленген 9,3 мың тонна балық, сондай-ақ уылдырық пен оның алмастырғыштары өндірілді, бұл өткен жылмен салстырғанда 10,5%-ке аз.
29,1 мың тонна жаңа ауланған, салқындатылған немесе мұздатылған балық өндірілді, өткен жылмен салыстырғанда 19%-ке аз. Ал шаян тәрізділер мен ұлу өндірісі еш өзгеріссіз қалды.
Консервіленген балық пен уылдырық негізінен Түркістан, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында, жаңа ауланған және мұздатылған балықтар – Атырау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында, ал шаян тәрізділер мен ұлу – тек Павлодар облысында өндірілді.
Биыл балық өнеркәсібі нарықтағы қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмады. Қаңтар-шілде айларында жергілікті компаниялар өңделген және консервіленген балықтарға, шаян тәрізділер мен ұлуға сұранысты (ішкі нарықта сатуды және экспортты) небәрі 46,9% қамтамасыз етті. Осы кезеңде қазақстандық өндіріс 11,4%-ке, яғни 31,5 мың тоннаға дейін қысқарды.
Биыл 7 айда Қазақстан экспортқа 10,7 мың тонна өнім жіберді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,4%-ке аз. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша бұл өнім бөлшек саудада 7,3%-ке қымбаттады. Маңғыстау облысында балық пен теңіз өнімдерінің бағасы 20,6%, Шығыс Қазақстанда 15,1%, Ақтөбеде 13,8%-ке дейін өскен. Тек Астана (0,4%) мен Түркістан (2,7%) облысында балық бағасы аса қымбаттамаған.