Атыраудағы пансионатта қоңыз қаптап кетті – білім басқармасы түсініктеме берді

Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қазан – Sputnik. Атырау облысында балалар пансионатында ағаш қоңызы қаптап кеткен. Ата-аналардың наразылығын тудырған жағдайға қатысты облыстық білім басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қоңыздардың төсекте жүргенін демалып жатқан балалар ұялы телефонға түсіріп, ата-аналарына жіберген. Облыстық білім басқармасы бұл келеңсіздік ауа райының өзгерісінен болғанын айтады. 23 жылдан бері пансионатта мұндай жағдай тіркелмеген.
Пансионаттағы демалыс Жылыой ауданының су тасқынынан зардап шеккен отбасыларының балаларын қолдау, каникул уақытын қызықты өткізу мақсатында ұйымдастырылған.
"26 қазан мен 4 қараша аралығында 174 оқушы (113 ұл/ 61 қыз) және 18 жетекші мұғалім демалысқа жіберілді. Елді мекенде бірнеше күн жауған жаңбырдан соң, ауа райы күрт жылынып, ауаға ағаш қоңыздары ұшып, ашық қалған терезелерден ғимараттың №6 корпусына кіріп, тараған. Өзге ғимараттарда қоңыздар жоқ", - дейді білім басқармасы.
Мекеме экологиялық таза, курортты аймақта, орманның ортасында орналасқан. Минералды бұлақ көзі, бювет бар. Мекеме 12 ай бойы келушілерді қабылдайды.
"Ағаш қоңыздары адамға зиян келтірмейді, күннің күрт жылынуынан елді мекенде көбейген. 21 – 26 қазанда мекемеге 2 мәрте дезинфекция жасалды", - дейді ведомстводағылар.
Балалар бүгін үйлеріне қайтарылады, алайда олардың көпшілігі демалысты жалғастыруды қалайтындарын айтқан.
Құлсарыда жаңа шағын аудан салынып жатыр: жұмыс 72%-ға аяқталды