АСТАНА, 26 қазан - Sputnik. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Ақтау жылу желісіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысып, қала әкіміне жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлады "Лада.кз".
Бүгінгі таңда магистральдық желілері ажырамаған, бірақ тұрғын үйлер маңындағы жылу тарату желілерінде 35 ақау анықталып, оларды жою жұмыстары жалғасуда.
Қазір қаладағы 1500 тұрғын үйдің 34-інде ғана жылу жоқ және 21 учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
"Жөндеу жұмыстарына Жаңаөзен қаласынан 8 бригада, Ақтау әкімдігінен 27 адам және "Қаспий жылу, су арнасы" мекемесінен 11 бригада жұмылдырылды. Барлығы 110 адам мен 49 техника жұмыс жүргізіп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай коммуналдық сала қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін алғыс айтып, дүмпулерді тез арада жою керектігін айтты.
Жалпы, биыл алғаш рет Ақтау магистральдық жылу желісінің 50 жылдан бері жөндеу көрмеген 11,3 шақырым құбыры жаңартылды. Мақсат – тозығы жеткен инженерлік желілерді ауыстырып, қала халқын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету.