АСТАНА, 23 қазан - Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері жанар-жағармай материалдарын Қазақстаннан тыс шығарудың 1205 әрекетінің жолын кесті. Оның үстіне барлық жағдай Жамбыл облысындағы бір ауданда тіркелген.
Бір ғана қазан айының өзінде мемлекеттік шекарада жанар-жағармай материалдарын заңсыз өткізудің 159 фактісінің жолы кесілді.
“Мұнай өнімдері қосымша орнатылған газ бактері, қайта жабдықталған газ баллондары және әртүрлі шаруашылық контейнерлері арқылы автомобиль көлігімен тасымалданды”, - делінген хабарламада.
Аталған фактілер бойынша материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін құзырлы органдарға жіберілді, деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Еске салайық, қазан айында энергетика министрлігі жанар-жағармайды автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға тыйым салатынын хабарлаған болатын. Бұл шектеулер ЕАЭО елдеріне де әсер етті.
Ал үкімет шекара бекеттеріндегі жанар-жағармайды алып шығуға бақылауды күшейтуге уәде берді.