АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха рөлі оң жақта орналасқан көліктерге такси қызметімен айналысуға тыйым салынғанын еске салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Лепеханың айтуынша, көлік министрінің арнайы бұйрығы бар. Оған сәйкес, рөлі оң жақта орналасқан көліктермен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынды. Бірақ ондай адамдарды жазаға тарту қиын.
"Оларды полиция тоқтатқанда, салондағы адамдар туыстарым немесе достарым дей салады, тойға бара жатыр дейді. Ол адамдар да үндемей отырады. Біз ондай көліктердің адам тасымалдаумен айналысып жүргенін білеміз, бірақ жауапқа тарта алмай жатамыз", - деді Лепеха журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде InDrive пен Яндекс.Такси арнайы меморандумға қол қойды. Соның аясында такси агрегаторлары рөлі оң жақта орналасқан көлік иелерімен келісімшарт жасамайды. Екі есігі бар көліктер де шеттетіледі.
"Бұл меморандумдар 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Заңға да тиісті өзгерістер енгізілді. Сол себепті 1 қаңтарда бастап біз осы мәселеге қатысты шараларды күшейтеміз", - деп атап көрсетті министрдің орынбасары.