АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Ақтөбеде қайырымдылыққа деп жиналған 44 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырған "More Life" қоғамдық қорының директорына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қор басшысы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Оған Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, "More Life" қоғамдық қорының директоры 2022-2024 жылдар аралығында науқас балалардың ата-аналарының шоттарына түскен ақшалай қаражатты өзіне иемденген.
Шығын көлемі 43 889 429 теңгені құрады. Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамады. Тіпті жауап беруден бас тартты.
Жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, банктік шоттардан алынған көшірме сотталушының кәнісін дәлелдеді.
"Сот сотталушыны кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", — деп хабарлады Ақтөбе облысы сотының баспасөз қызметі.