"Қылмыстық жазаға тартыласыз!": агенттік банк карталарына сақ болуға кеңес берді

Sputnik
АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі банк карталарына сақ болу қажеттігін ескертті. Бүгінде аңқау азаматтардың есепшоты арқылы қылмыстық табыстарды шығару фактілері жиілеп кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстандықтардың көбісі оңай табыс туралы ұсынысқа алданады. Олардан банк карталары арқылы ақша шығаруды ғана сұрайды. Сол үшін жақсы ақы төлейді. Шын мәнінде банк карталары арқылы шығарылатын қаржының барлығы киберқылмыс, есірткі және адам саудасынан түседі. Ал қылмыскерлердің алдауына көп жағдайда жұмыссыздар, студенттер және әлеуметтік осал адамдар түсіп жатады.
"Мәселен, Астана мен Қарағанды қаласының студенттері және теміртаулық 64 жастағы зейнеткер Telegram-дүкенінде есірткі сатудан алынған ақшаны жылыстату схемасына қатысқан. Олардың шоттары арқылы 100 млн теңгеден астам қаржы өткен. Бұл наркошоптың жалпы айналымы 2 млрд теңгеден асқан", - дейді агенттік мамандары.
Сол сияқты Алматыда 20 жастағы студенттің картасы пайдаланылған. Оның шотына 900-ден астам адамнан 22,5 млн теңге түскен. Мобильді аударымдар 7,5 мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі аралықта болған, бұл сома есірткі заттарының бір реттік дозаларының құнына сәйкес келеді.
Бүгінде тек есірткі сатумен байланысты схемаларда жалпы айналымы 22 млрд теңге болатын 30 мың банк картасы пайдаланылған.
"Мұндай заңсыз схемаларға қатысу тұлғалардың мүлкін тәркілеу, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік сияқты ауыр салдарға әкеледі", - деп атап көрсетті тәртіп сақшылары.
Алаяқтар рәсімдеген кредит қандай жағдайда кешіріледі – Әбілқасымова екі талапты атады