Ұлыбританияда "Достық" ордені сатылып жатыр – әділет министрі пікір білдірді

Қазақстанда мемлекеттік наградаларды сатуға тыйым салынған
Sputnik
АСТАНА, 21 қазан – Sputnik. Әділет министрі Азамат Есқараев Ұлыбританияда Маргарет Тэтчерге табысталған "Достық" орденінің сатылып жатқанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Орденнің фотосы интернет-дүкендердің бірінде жарияланды. Оны 12,5 мың фунт стерлингке немесе 7,9 миллион теңгеге бағалап отыр. Әділет министрі Азамат Есқараев та хабарландыруды көрген. Оның айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік наградаларды сатуға тыйым салынған. Қылмыстық кодексте тиісті жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан мемлекеттік награданы сатқан адам қылмыстық жазаға тартылады.
"Ал Ұлыбританиядағы жағдай туралы айтар болсақ, біріншіден, Маргарет Тэтчердің аңызға айналған тұлға екенін ескеру керек. Ондай адамдардың жеке заттары, кітапханасы, наградалары ара-тұра аукционға шығарылуы мүмкін. Бұл – олардың мәдениетіне тән нәрсе, ұлттық ерекшеліктерінің бір көрінісі", - деді Есқараев журналистерге берген сұхбатында.
Ал Ұлыбританияда "Достық" орденінің сатылуына байланысты тексеріс жүргізіле ме, жоқ па, оны министр сыртқы істер немесе мәдениет министрлігінінен сұрауға кеңес берді.
Ұлыбританияда Маргарет Тэтчерге табысталған "Достық" ордені сатылып жатыр