АСТАНА, 17 қазан - Sputnik. Қазақстан премьер-министрі мәжіліс депутаттарының жасөспірімдердің қылмыстық жауаптылық жасын 14 жастан 12 жасқа дейін төмендету туралы ұсынысынан бас тартты.
Олжас Бектенов депутат Магеррам Магеррамовтың сұрауына жауап берді.
"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей (Германия, Жапония, Ресей, Финляндия, Ұлыбритания) қылмыстық жауапкершілік 14-15 жастан басталады (6-шы Халықаралық қылмыстық құқық Конгресінің (1953 ж., Рим) ұсыныстарына сәйкес). 12 жастан бастап жауапкершілік енгізу балаларды тәрбиелеу мен қорғаудың құқықтық және гуманистік тәсілдеріне қайшы келеді, өйткені бұл жастағы балалар өз іс - әрекеттерінің қоғамға қаншалықты қауіпті екенін толық деңгейде түсінбейді", - делінген үкіметтің ресми жауабында.
Жалпы, үкімет ата-аналар мен сарапшылар қауымдастығының халықаралық тәжірибесі мен пікірін ескере отырып, тәрбие жұмысын күшейтуге бағытталған сындарлы ұсыныстарды депутаттық корпуспен талқылауға дайын.
Бас прокуратураның мәліметінше, кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар деңгейі артқан. Мәселен, биыл 9 айда балалар қылмысы 50 фактіге өскен. Жасөспірімдер 1263 қылмыс жасаған, 4,1% өскен. Ал былтыр осы кезеңде - 1213 қылмыс болған. Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін биыл 8 айда 84 мың заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 345 адам ата-ана құқынан айырылды. Девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы мектептерге 125 кәмелетке толмағандар жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қыркүйекте мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов премьерге кейбір қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын төмендету туралы ұсыныс жасаған болатын.