АЛМАТЫ, 17 қазан – Sputnik. 20 млрд теңге шығын келтірген қаржы пирамидаларына қатысты 57 қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
"Қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 57 қылмыстық іс тергелді, алаяқтық схемаларға 21,5 мыңға жуық салымшы тартылған. 12 млрд теңгеден астам қаражат өтелді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Алматыда "HitBeatMusic" қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
"Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15%-не дейін пайдасын уәде еткен. Салдарынан салымшылар 255 млн теңгеге шығынданды", - дейді агенттік.
Сот үкімімен кінәлілер 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемесі бұғатталды.
"WhatsApp", "Telegram" және басқа да желілерде 292 чат бұғатталып, нәтижесінде 2 млн астам әлеуетті салымшы қаржылық шығынға ұшырамады.
"Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасының арқасында "Qnet", "World Business Consulting", "Finiko" "Antares"/"Antares Trade", "Sincere Systems Group"/"S-Group", "Hermes LTD", "Life is good", "Chia Tai Tianding"/"Chia Tai Pharmaceutical" "Energy Eolus Oazqstan"/"Eolus" сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.
Айта кетері, ҚМА адам ақша салардан бұрын компанияның қаржы пирамидасына қатысы бар-жоғын тексеретін телеграм ботты іске қосты. Сондай-ақ барлық жалған жобалардың тізімі агенттіктің сайтында жарияланған.