АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова онлайн кредиттерге тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Агенттік басшысы онлайн кредиттерге тыйым салынса, азаматтардың мүмкіндігі шектеледі деп санайды. Себебі бүгінде тұтынушылық кредиттерді рәсімдейтін адамдар аз емес.
"Мысалы, тауарлардың ақшасын бөліп төлейді. Бүгінде барлық кредиттің 25 проценті – тұтынушылық несие. Оған шектеу қойған дұрыс емес деп ойлаймын. Халық үшін қаржылық қызметтер қолжетімді болуы керек. Сосын кредиттерге электронды түрде тыйым салсаңыз, адамар бәрібір банк филиалына барып, кредит алады", - деді Әбілқасымова мәжілісте өткен брифингте.
Оның айтуынша, жыл басынан бері банктерде 6,5 мың кредит алаяқтық жолмен рәсімделді. Бүгінде онлайн кредиттер бойынша шектеулер бар. Атап айтқанда, микроқаржы ұйымдары 4 млн, ал банктер 8 млн теңгенің кредитін электронды түрде бере алады.
Бүгін агенттік басшысы қанша адамның кредиті кешірілгенін де айтты. Ал мәжіліс депутаттары жаңа заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, әлеуметтік осал топтарға кредит төлеу бойынша тағы бірнеше жеңілдік беріледі.