АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. ҚР Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығы келісімшарт бойынша әскери қызметкердің өліміне қатысты түсініктеме берді.
Бір күн бұрын Шахтинск қаласында "жұмыстан тыс уақытта өзі тұратын пәтерден" келісімшарт бойынша әскери қызметшінің мәйіті табылды.
"Алдын ала мәлімет бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметші отбасылық жанжал салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған", - делінген хабарламада.
Марқұм Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде қызмет еткен. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Себептері мен мән-жайы анықталуда.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Орталық" қолбасшылығы әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады", - делінген хабарламада.
Қыркүйек айының соңында қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев әскерилердің өз-өзіне қол жұмсауына отбасылық жанжал себеп болатынын айтты. Оның мәліметінше әскерилер өлімінің 90 пайызы қызметке байланысты емес.