Кейбір жастар әскерден босатылуы мүмкін – Жақыпова ұсыныс енгізді

Ол үшін кәсіби-техникалық білім алған жастар шақырған жерге барып, жұмыс істеуі керек
Sputnik
АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысшы мамандықтар бойынша қызметке тұрған жастарды әскерден босатуды ұсынып отыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр Светлана Жақыпованың айтуынша, бүгінде кәсіби-техникалық білім алған жастардың көбісін әскерге алып кетеді.
"Сол кезде 19 жасқа келеді ғой. Оларды бірден әскерге алып кетеді. Біз ол балаларды әскерге алмай, жұмысқ тұрғызып, біліктілігін көтеру қажет деп отырмыз. Сосын оларға әскери кафедра ашып, әскерден босату керек. Бірақ кәсіби-техникалық білім алған жастар шақырған жерге барып, жұмыс істеуі керек. Бізде осындай ұсыныстар бар", - деді Жақыпова мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Айта кетері, Қазақстан президенті келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын кеңінен насихаттау керек.
"Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі",- деді Тоқаев биылғы жолдауда.