АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. 12 қазанда Ақмола облысында полицейлер қолайсыз ауа райына байланысты күшейтілген режимде жұмыс істеді. Өңірде 20-дан астам ЖКО тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол апатының алдын алу үшін бірнеше тасжолда көлік қозғалысы шектелді. Бірақ осыған қарамастан, бұл күні облыс аумағында 24 жол апаты тіркелді. Зардап шеккендер жоқ. Алайда көліктерге түрлі зақым келтірілді.
Жол апатының бірі Астана – Петропавл автожолының 155-шақырымнда болды. Жүк көлігінің 34 жастағы жүргізушісі ауа райын (көктайғақ, жел) ескермей, рөлді басқара алмай, бөренеге соқтығысты. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары жүк көлігін жолға шығаруға көмектесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Айта кетейік, жол қозғалысын шектеу кезінде Щучинск қаласына дейін 740 көлікке, оның ішінде 600 жеңіл және 140 жүк көлігіне, Көкшетау қаласынан Астана қаласына дейін 565 көлікке, оның ішінде 470 жеңіл және 94 жүк көлігінің жүргізушілеріне көмек көрсетілді.